+7 (727) 267-28-83

ақиқат

Мерзімді басылымдар оқу залында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының мерейтойына арналған «Ақиқат журналына -100 жыл» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

«Ақиқат» - ұлттық қоғамдық-саяси журнал. Оның алғашқы саны 1921 жылы Орынбор қаласында «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрді. Журналдың атауы 1924 жылдан 1991 жылға дейін бірнеше рет өзгерді. «Ауыл коммунисі» (1932), «Коммунист» (1938), «Қазақстан большевигі» (1945), «Қазақстан коммунисі» (1952), «Ақиқат » (1991).  

Журналдың мақсаты - қазақ еңбекшілеріне Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияның саясатын түсіндіру болды. Осы жылдар ішінде журналды А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Садуақасов, О.Жандосов, А.Байдильдин, Е.Алдоңғаров, Н.О.Оразбеков, М.Атаниязов, Н.Құлжанова, М.Фахретдинов, Х.Жүсіпбеков, Ж.Арыстанов, Ж.Садуақасов, М.Дәулетқалиев, Р.Сүгіров, Ә.Мусин, С.Сегізбаев, С.Төлешев, А.Елшібеков сияқты қазақ зиялылары басқарды. Қазіргі уақытта журналдың бас редакторы белгілі журналист, көптеген республикалық марапаттардың лауреаты, «Қазақстан Республикасының ақпараттық саласының үздігі» Дәуіржан Төлебаев.

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ұзақ жылғы тарихы бар басылым жаңа мазмұнда «Ақиқат» атауымен шыға бастады. Қазіргі таңда журнал саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет, филология саласындағы қоғам дамуының өзекті мәселелерін көтеретін маңызды ғылыми мақалаларды жариялайды.

«Ақиқат» журналының Тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінде өзіндік брендке айналған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Басылымның жұмысын Қазақстан Журналистер академиясы, Қазақстан Журналистер одағы, ҚР Ақпарат министрлігі жоғары бағалайды. «Ақиқат» журналы КСРО «Халықтар достығы» орденімен, Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінің Құрмет грамоталарымен, «Алтын жұлдыз» ұлттық сыйлықтармен марапатталған. «АQIQAT» журналы ай сайын қазақ тілінде шығып, Қазақстанның барлық аймақтарына таралады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорындағы материалдар, тарихи жылдардағы  «AQIQAT» журналының басылымдары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған белгілі қоғам және саяси қайраткерлердің, ақын-жазушылар мен журналистердің мақалалары ұсынылған.

 

 Барлығыңызды көрмеге шақырамыз!