+7 (727) 267-28-83

АлматыТВ

28 маусымда Н.Дәулетова атындағы залда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Елорда күніне орай «Нұр-Сұлтан – болашақтың астанасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

1994 жылы егеменді Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынды. Бұл тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық батыл бағыттарының бірі болатын. Елбасының бұл шешімі қаланың Қазақстан мен Еуразия континентінің орталығында маңызды геосаяси орналасуына, көлік және қатынас инфрақұрылымы болуына байланысты туындады. 1998 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы шықты. Сол күннен бастап төрткүл дүниені түгел таңдандырған тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың ғасырлардан ғасырларға ұласатын ұлы шежіресі басталды. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.

Сарыарқаның бозды-бетегелі даласынан іргесі бой көтерген Елордамызда тәуелсіздігіміздің символына айналып отырған сәулеткерлік ғимараттарды айтуға болады. Атап айтар болсақ, «Бәйтерек», «Қазақ Елі» монументтері, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Нұр Әлем» сферасы, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық сияқты өзге де бірегей көз тартар ғимараттар келушілердің назарын аударады.

23 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан өркендеген, инфрақұрылымы дамыған қалаға және мәдени, саяси, қоғамдық өмір тіршілігінің орталығына айналды. Астана қаласына Елорда мәртебесін беру қаланың өсуіне, дамуына орасан зор ықпал етті. Осы уақыт аралығында қала ажары түбегейлі өзгеріп қана қоймай, өндіріс, құрылыс, мәдениет, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету салалары да айтарлықтай өзгерді. Еуропалық және шығыс мәдениетінің дәстүрлері кірістірілген қазіргі заманғы сәулет стилі жаңа астананың экономика, саясат және мәдениет орталығы ретіндегі келбетін айқын бейнелейді.

Нұр-Сұлтан жаңа Қазақстанның мақтанышына, ұлттық идея мен ел бірлігі нығаюының белгісіне айналды. Қазақстан болашағы – Нұр-Сұлтанның тікелей болашағымен байланысты. Нұр-Сұлтан бүгінгі Қазақстанның жаңа бейнесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Көрмеде Елорданың тарихы мен болашағы, оның экономикалық, мәдени және әлеуметтік даму аспектлері туралы және т.б. әдебиеттер, альбомдар ұсынылған.

АлматыТВ1   АлматыТВ2   АлматыТВ3   АлматыТВ5
АлматыТВ4   АлматыТВ6   АлматыТВ7   АлматыТВ8