+7 (727) 267-28-83

1Болат

10 маусым, сағ. 11.00-де Н.Дәулетова атындағы залда белгілі ақын, әдебиетші, мәдениеттанушы, публицист, республикалық және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Болат Шарахымбайдың жаңадан шыққан «Кісікиік» және «Айтпайын десем, сөзім бар...» атты қос кітабының тұсаукесері өтті.

«Кісікиік» – өлең өлкесінде өзіндік өрнек, суреткерлік бояу ала келген ақынның терең толғаныс пен философиялық ойларға толы жыр жолдары топтастырылған жыр кітабы. Жинақтағы жырлар мен толғаулар табиғат пен адам арасындағы астарлы байланыс үлгілерін айшықты суреттеп, отаншылдық өршіл сезім мен  асқақ рухтарға жетелейді.

Кітаптың алғысөзін көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек  Әбдікәкімұлы  жазған. 

«Айтпайын десем, сөзім бар...» – қазақ көсемсөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы айқын қаламгердің негізінен мерзімді баспасөз бетінде жарияланған және оқырманның ыстық ықыласына бөленген журналистік зерттеулері, саяси сараптамалары мен эсселері топтастырылған жинақ. Публицист-жазушы өзі көтерген қай мәселеге де ұлттық мүдде, елге, жерге сүйіспеншілік, азаматтық жауапкершілік тұрғысынан үн қатып, ой айтуға тырысады. 

Бұл кітапқа кіріспе сөз жазған – көрнекті сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Кітаптар жыр сүйер қалың қауымға және ұлт патриоттарына арналған.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы  ашып,  ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреат, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры  Әділғазы Қайырбеков жүргізді.  

Лента кесу рәсіміне қатысқандар:  Б. Жақып, М.Тоқашбаев,  Б. Қойшыбаев, К. Адырбекұлы.

Сөз сөйлеген қонақтар:  ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, жазушы, профессор, «Президент және халық» газетінің бас редакторы  Марат Тоқашбай, жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев,  темірші ұста, Бүкілтүркі әлемінің Құрметті темірші ұстасы Махмұт Жетентегі,  тарихшы, Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы  Ғабиден Жәкей, жазушы, ҚР Президент сыйлығының лауреаты Көлбай Адырбекұлы, зерттеуші-ғалым, баспагер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Мұхтар Қазыбек, күйші, Мәдениет саласының үздігі Талап Қараш, жазушы-журналист, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, жазушы, журналист Талғат Айтбайұлы   және т.б. 

Іс-шараны кітап авторы Болат Шарахымбай  өз өлеңдерін оқып, қорытынды сөзбен аяқтады және  өз қолтаңбасымен кітаптарын сыйға тартты.

Қатысушылар: белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері.

Еліміздегі пандемия жағдайына байланысты іс-шараға

келетін адамдар саны шектеулі.

1Болат1   1Болат2   1Болат3
1Болат7   1Болат4   1Болат8
1болат5   1болат6   1болат9