+7 (727) 267-28-83

Жас Алаш

Мерзімді басылымдар оқу залында «Жас Алаш» республикалық жастар, қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Ғасырлық тарихын «Жас Алаш» республикалық жастар газеті 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында бастаған. Газетті Түркістан АССР комсомол ұйымы жетекшілерінің бірі Ғани Мұратбаев құрды, жауапты редакторы Ілияс Жансүгіров болды. Газет әр жылдары түрлі атаулармен жарық көрді: «Жас Қайрат», «Өртең», «Лениншіл жас». Газет алғаш 1922 жылы Орынбор қаласында «Өртен», 1927 жылдан «Лениншіл жас» (Ленинская молодежь) атауымен, ал 1929 жылдан бастап газеттің шығарылуы Алматы қаласында жалғастырылды, 1941 жылы қызметкерлердің жаппай майданға кетуіне байланысты газеттің шығарылымы тоқтатылып, 1945 жылдың қыркүйегінен бастап қайта жаңартылды. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін газет атауы «Жас алаш» болып өзгерді, бұл «Қазақстан жастары» дегенді білдіреді.

Қазақ жастарын тәрбиелеуде газеттің бастапқы  шығарылымдары  ерекше рөл атқарып, жастардың өз елінің патриоты болып қалыптасуына үлес қосты. Газеттің дамуымен республиканың бүкіл танымал журналистері мен жазушыларының шоғыры қалыптасты. Редакторлардың есімдері, қазақстандық танымал тұлғалар бірінен соң бірі ауысып отырды. «Лениншіл жас» газетінің редакциясында Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердібеков және т.б. жұмыс жасады.

Бүгінгі таңда «Жас алаш» қазақ тіліндегі ең танымал, демократиялық, қоғамдық-саяси басылымдардың бірі. Газет республикада және әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды қамтиды. «Жас алаш» күнделікті жаңалықтардан басқа саясат, экономика, әдебиет және мәдениет, өндіріс және экология, заң, қаржы және менеджмент, маркетинг, білім беру және денсаулық сақтау, өнер және басқа да тақырыптарға үнемі мақалалар жариялап отырады. Газеттің «Студент», «Ырғақ», «Мың бір сәт», «Отбасы» қосымшалары бар. Газетте елдің түкпір-түкпірінен келген оқырмандардың хаттары жарияланып, «Ашық тарих», «Екі жақты әңгіме» айдары бойынша қайраткерлер мен әртүрлі сала мамандарының сұхбаттары беріледі.

«Жас алаш» газеті аптасына екі рет шығады, әлі де сұранысқа ие және республика бойынша таратылады. Бүгінгі таңда таралымы 13000-нан асады. Газет КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1973 ж.), 2000 жылы жылдың ең үздік газеті танылып, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері атанды.

Көрмеде газеттің мерейтойлық нөмірлері, белгілі жазушылар мен журналистердің Қазақстандағы журналистиканың қалыптасуы мен дамуы туралы мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары, сондай-ақ «Жас алаш» газетінің беттерінде жариялаған Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы туралы мақалалары  ұсынылған.

Көрмеге келуге шақырамыз!