+7 (727) 267-28-83

30лет

Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  

2004 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы   қабылданды. Бағдарламаның мақсаты - елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырту, Қазақстанның мәдени мұраларын шет елдерде насихаттау. Бұл бағдарлама мемлекеттік мәдени саясатты іске асырудың сапалы жаңа тәсілдерін анықтайтын стратегиялық  ұлттық  жоба.

Кең көлемді кітап көрмесінде 1000-нан астам әдебиеттер жинақталған. Кітаптар: «Фольклор, әдебиет және өнертану, қазақ әдебиетінің тарихы», «Көркем әдебиет, әлем әдебиеті кітапханасы», «Тарих және этнография», «Археология, тарих және мәдени ескерткіштер», «Философия», «Психология», «Саясаттану», «Мәдениеттану», «Социология», «Заң ғылымдары», «Тіл білімі», «Энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет», «Бейнелеу өнері», «Экономикалық ғылымдар», «Мұрағат және кітапхана ісі» және «Шығыстану» сияқты 16 секция бойынша орналасқан.  Әр секция Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы басылымдар сериясын, «Алаш Орда» қозғалысына қатысты, «Қазақ өнерінің тарихы» серияларын, 10 томдық «Әбу-Насыр Әл-Фараби» жинағын, Шоқан Уәлихановтың 6 томдық, А.Х.Марғұланның 12 томдық шығармалар жинағын және т.б. еңбектерін қамтиды. Олардың ішінде 100 томдық «Бабалар сөзі», «Сырдария кітапханасы», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Философиялық ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақ халқының мұрасы», «Әлемдік мәдени ой-санасы», «Әлемдік философиялық мұра» сияқты бірегей сериялар бар.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы  аясында шыққан басылымдардың  Депозитарийі болып табылады, онда 36 серия бойынша 34 847 дана әдебиеттер жинақталған. Бағдарлама аясында ҚР Ұлттық кітапханасының мамандары  2005-2007 жж. алыс және жақын шет елдердегі  кітапханалар мен мұрағаттарда құнды жазба деректерді іздестіріп табу және олардың көшірмелерін алу мақсатымен ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізді. Экспедициялардың жұмысы Қытайда, Түркияда, Моңғолияда, Ресейде, Жапонияда, Египетте, Өзбекстанда, Арменияда, сондай-ақ АҚШ, Батыс Еуропада келесі бағыттарда  жүргізілді:

- қазақ кітаптары,  қолжазбалар, Орталық Азия және Қазақстан бойынша ең ірі библиографиялық көрсеткіштер мен каталогтар;

- іргелі тарихи еңбектер, мұрағат құжаттары;

- Қазақстанның шет елдердегі қазіргі тарихнамасы, ғылыми конференциялардың материалдары, XIX және XX ғасырдың басындағы ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар;

- саяхатшылардың жазбалары, карталар, гравюралар және көне жәдігерлер.

Көрмеде сонымен қатар, қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи маңызы бар әлем халықтарының көптеген тілдеріндегі түрлі білім салалары бойынша құжаттардың көшірмелері, Ватикан (Италия) кітапханасынан сатып алынған Моңғол империясының негізін қалаушы Шыңғысхан мұрагерлері хаттарының көшірмелері мен итальян ханзадасы Боргезе қорынан (IVғ.) алынған татар-монғол империясы туралы қолжазбалар және т.б. ұсынылған. Шетелдік ғылыми іздестіру экспедицияларында кітапханаға 1 126 дана сирек басылымдар мен құжаттардың көшірмелері алынды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы республикадағы қазақ халқының ұлттық рухани қазынасының байлығын жинап, бүкіл әлемге паш етті.

                 Кітап көрмесіне шақырамыз!