+7 (727) 267-28-83

Зиманов

Ө.М.Сұлтанғазин атындағы ғылыми қызметкерлерге арналған залда көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, еңбек сіңірген ғалым, профессор, заң ғылымдарының докторы Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ заңдары ғылымының абызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Зиманов Салық Зиманұлы 1921 жылы 19 ақпанда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау қ.) дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы. 1946-1948 жылдары әскери қызметтен кейін Қазақ КСР прокуратурасында маңызды істер бойынша тергеуші болып жұмыс істеді.

1948 жылы Бүкілодақтық сырттай заң институтының Алматы филиалын бітірген.

1952-1957 жж. – Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, С.М.Киров атындағы  Қазақ мемлекеттік университетіндегі заң факультетінің деканы. 1961 жылы «Қазақстанның XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. алғашқы жартысындағы қоғамдық құрылысы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1958-1969 жж. – Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында бөлім меңгерушісі. Профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1967). 1976-1977 жж. – Қазақстан Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми хатшысы. 1992-1993 жж. – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ардагерлер мен мүгедектер ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, 1994-1995 жж. – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің конституциялық заңнама және адам құқықтары жөніндегі комитетінің төрағасы, 1995-2005 жж. – «Парасат» академиялық құқықтық оқу институтының ректоры, 2005-2011 жж. – «Интеллектуал-Парасат» ЖШС заң фирмасының президенті.

Академик С.Зиманов мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ заңгерлер мектебінің жетекшісі деп танылды. Оның шығармашылық деңгейі заңгерлерге ғана емес, философтар, тарихшылар, экономистер және барлық гуманитарлық ғылымдардың өкілдеріне пайдасын тигізді. Ол ұстанымдылық, талаптылық, әділдік, ашықтық және қайырымдылық секілді қасиеттерге ие. Халық депутаты, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Жоғарғы Кеңес комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдауға белсенді қатысты.

500-ден астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 20-дан астам монографияның авторы. Олардың ішінде «История государства и права Советского Казахстана» (1960) үш томдығы, «Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века» (1981) секілді маңызды еңбектері мен  «Россия и Букеевском ханстве»  зерттеу кітабы болды (1982). Классикалық шығармалардың қатарында С.Зиманов пен А.Атишевтің ««Политические взгляды Чокана Валиханова» кітабы бар. Оның ғылыми қызметінің биік шыңы - «Қазақтың ата заңдары» он томдығы болып табылады.

С.Зиманов ел алдындағы қызметі мен ғылымға қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім (1993), ҚР Мемлекеттік (2002) және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының (2007) лауреаты. І-дәрежелі Отан соғысы орденімен 2 рет, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы, «Парасат» (2002) ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Атырау облысының Құрметті азаматы.

2020 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай  Диссертациялар залына ғалымның есімін беруге арналған іс-шара өтті. Диссертациялар залында «Салық Зиманов – заң ғылымының алыбы» ақпараттық стенді мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан «Ғұлама заңгер, ұстаз, қайраткер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға ардагерлер мен жетекші заңгерлер, Қазақстанның заңгерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, университет оқытушылары, С.Зимановтың туыстары мен достары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан алынған «Қазақ заңдары ғылымының абызы» атты кітап көрмесінде Салық Зимановтың өмірі мен шығармашылығы, оның ғылыми еңбектері, монографиялары, ғалымдардың мақалалары мен мерзімді басылым беттеріндегі естеліктері туралы материалдар ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!