Өнер бөлімінің оқу залында белгілі қазақ домбырашысы, Қазақ КСР Халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың (1861-2020) туғанына 160 жыл толуына орай «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Дина Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Нарын-құм деген жерінде дүниеге келген. Домбырада ойнауды әкесінен үйренген. Ол Төлеңгіт руынан шыққан Кенже отбасындағы үш қыздың бірі болған. Оның екі әпкесі әнді шебер айтатын, ал әкесі Динаға олардың әндерін домбырамен сүйемелдеуді ұсынды. Әкесі Динаның алғашқы ұстазы, кейінірек оның тәлімгері Құрманғазының өзі болды. Ол бала кезінен Дәулеткерей, Құрманғазы, Мұхит, Мүсірәлі, Ұзақ, Әлкей, Түркеш, Есжан, Байжұма, Баламайсаның және басқа да белгілі күйшілердің күйлерін жақсы орындап, «домбырашы қыз» атанған.
Дина шығармалары қазақ домбыра музыкасының классикасына айналды, оның ішінде: «Бұлбұл», «Көгентүп», «Байжұма», «Жігер», «16 жыл», «Әсем қоңыр», «Той бастар», «Ананың жазасы», «Сауыншы», «8 Март» және т.б. күйлері.
1937 жылы белгілі музыкатанушы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Дина Нұрпейісованы Астрахан облысы Марфа ауданы Козлово ауылынан тауып, Алматыға алып келді. Сол жылдың күзінде ол халық таланттарының Екінші республикалық слетінде алғашқы жетістікке жетті. Ол жерде күйші өзінің «Бұлбұл» күйін, сонымен қатар Құрманғазының «Төремұрат» және «Қайран шешем» шығармаларын шебер орындады. Қазылар алқасы оған бірауыздан бірінші орынды берді. Сол жылы ол қазақ филармониясына жұмысқа қабылданып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді.
1939 жылы Мәскеуде халық аспаптары орындаушылардың Бүкілодақтық байқауы өтті, оған 2 мың адам қатысты. Байқаудың екінші кезеңіне екі жүзге жуық қатысушы өтті, ал үшінші турға барлығы 53 адам өтті. Нәтижесінде, бірінші орынды бірден 9 орындаушы жеңіп алды, олардың арасында Дина Нұрпейісова да бар. Белгілі кеңес музыкатанушысы В.М. Беляев Дина Нұрпейісованың орындау шеберлігі жайлы «Советская музыка» журналында: (1939 ж. № 11) «Байқау халық музыкалық аспаптарының қалың бұқараның музыкалық мәдениетін дамыту құралы ретіндегі маңызын көтерді. Дина Нұрпейісова көрсеткен қазақ домбырасындағы «Домбыраның Жамбылы» жоғары шеберлігі осы және оған ұқсас аспаптарды сақтау және дамыту үшін көркем насихаттаудың үздік тәсілі болып табылады» - деп жазды.
1944 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан Республикаларының Үшінші онкүндігі өтті. Өнер мерекесіне Дина Нұрпейісова да келеді, ол 83 жаста еді. Сол жылы оған «Қазақ КСР Халық әртісі» атағы берілді.
Куәгерлердің айтуынша, ол теңдессіз домбыра техникасы туралы айтуға мүмкіндік беретін жоғары шеберлікке қол жеткізе отырып, өмір бойы өзінің орындау шеберлігін жетілдіріп отырды.
Ардагер домбырашы соңғы концертін 1952 жылы 91 жасында берді. 1955 жылы 31 қаңтарда Алматыда қайтыс болды.
Кітап көрмесіне келіңіздер!