+7 (727) 267-28-83

әзілхан

Ораз Жандосов атындағы  оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ерлік пен махаббат жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан  облысы  Жарма  ауданында дүниеге келген. 14 жасында поэзиямен айналысып, өлең жаза бастады. Оның алғашқы өлеңдері 1938 жылы Семейдің облыстық «Екпінді» газетінде жарияланған. Жас ақын Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық учелищесінде, содан кейін сол жердегі Н. Крупская атындағы педагогикалық институтта оқып, Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс  істеген.

Ұлы Отан соғысына қатысқан Ә. Нұршайықов 100-ші қазақ атқыштар бригадасының командирі ретінде бүкіл соғысты басынан өткерді, Калинин, Балтық, 1-ші және 2-ші Беларусь майдандарында шайқасты. Соғыстан кейін Ә. Нұршайықов  С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқуға түседі. Университетті бітіргеннен кейін 17 жыл «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында жұмыс істеді. Онда  әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1953-1956 жж. – Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жж. – Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Содан кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері болды. 1968 жылы – Қазақ Совет энциклопедиясының жаңадан ашылған редакциясында тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі. Энциклопедияның алғашқы томдарын шығаруға қатысып, жүзге жуық энциклопедиялық мақала жазды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

 Ә. Нұршайықов ұзақ жылдар  журналистік қызметте болды. Журналистік қызметпен қатар, ол үнемі әдеби жұмыспен айналысты. Жазушының шығармашылық стилі біртіндеп қалыптасты. Очерк, әңгіме, повестер мен романдардың авторы. Көзі тірісінде 40-тан астам кітап шығарды: «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махаббат жыры» (1964), «Махаббат қызық мол жылдар» (1970), «Ақиқат пен аңыз» (1976), «Екі естелік» (1985), «Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары» (2000), «Мәңгілік махаббат жыры» (2005), және т.б. Оның шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдерінде жарық көрді.

Әзілхан Нұршайықов шығармашылықтағы көп жылғы  жемісті еңбегі үшін   «3-дәрежелі даңқ», «2-дәрежелі Отан соғысы» (1944), «Құрмет белгісі» (1956), «Халықтар» (1984), «Парасат» (2005), «Отан» (2010) ордендерімен, «Ерен Еңбегі үшін» (1943), «Жауынгер еңбегі үшін» (1944), «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» (1944) медальдарымен марапаталды. Қазақ КСР халық жазушысы (1990). Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың (1980), А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты (1987) .

Өмірінің соңына дейін Әзілхан Нұршайықов қоғамдық өмірге, шығармашылық кештерге, оқырмандармен кездесуге белсене қатысты. Ол 88 жасында Семейде өткен Азиада алауының эстафетасына қатысып, жолдың бір бөлігін алаумен  жүгіріп өтті.

Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпанда қайтыс болды.

2016 жылы «Қазақстан кітаптары» оқу залында Әзілхан Нұршайықовтың мемориалдық кабинеті ашылды. Мемориалдық кабинеттегі  жазушының жеке заттарын, ерекше фотосуреттерін, кітаптар топтамасын Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына Ә. Нұршайықовтар отбасы  табыстаған. Кабинеттің экспозициясы өмірінің негізгі кезеңдерін анық көрсетеді. Мемориалдық кабинет аясында Ә. Нұршайықовқа арналған көптеген  іс-шаралар өткізіліп тұрады: тақырыптық көрмелер, экскурсиялар, көркемсөз оқу байқаулары, шығармашылық кештер және т.б.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан алынған «Ерлік пен махаббат жыршысы» атты кітап көрмесінде Ә. Нұршайықовтың өмірі мен қызметіне  арналған материалдар, оның шығармалары, мақалалары мен естеліктері ұсынылады.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!