+7 (727) 267-28-83

Коган Иосиф

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Коган Иосиф Бенционовичтің 100 жылдығына арналған «Қазақстанның танымал скрипкашысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Коган Иосиф Бенционович 1920 жылы 10 қаңтарда Молдава,  Кишинев қаласында дүниеге келген. 1939 ж. Кишиневтегі жеке меншік «Унря» концерваториясын, 1954 ж. Алматы концерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясы) бітірген.

1940-1942 жж. Молдаван филармониясы симфониялық оркестрінің скрипкашысы және концертмейстрі қызметін атқарды. 1942 жылдан Қазақ филармониясының солисі, 1954-1982 жж. – оқытушысы, кейін Құрманғазы атындағы Алматы концерваториясының доценті. Оның жетекшілігімен көптеген қазақстандық скрипкашылардың ұрпақтары өсті.

Коган Иосиф Бенционович Қазақстанның скрипкада ойнау мектебінің қалыптасуына, музыкатану саласына елеулі үлес қосты. Оның «Қазақстанның музыка өнері» (1975), «Қазақстан скрипка өнерінің дамуы» (1978), «Қазақ музыка тақырыбына арналған скрипкалық пьесалар жинағы» (1978) және т.б. еңбектері бар. Ол скрипкашы ретінде жеке концерттер берді.

1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Гастрольдік сапармен еліміздің көптеген қалаларында өнер көрсетті.

1966 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

Иосиф Коган 1982 жылы 30 желтоқсанда қайтыс болды.

«Қазақстанның танымал скрипкашысы» атты кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының кітап және мерзімді басылымдар қорынан  Иосиф Коганның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылған.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!