+7 (727) 267-28-83

malik

Ораз Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығына арналған «Батыр – тағдыр, ғылыми - ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылғы 15 қарашада Көкшетау облысының Қойсалған ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірді. 1935-1937 жылдары әскер қатарына шақырылды.

М. Ғабдуллин өзінің шығармашылық жолын 1932-1937 жылдары «Социалды Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. «Қазақстан пионері» журналында бас редактордың орынбасары, 1938 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстан филиалы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, 1938-1946 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты.

М. Ғабдуллин 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, генерал-майор И.В. Панфиловтың басшылығымен 8-ші Гвардиялық дивизиясының қатарында жаумен шайқасты. 1943 жылы 30 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны және ерлік пен батылдық танытқаны үшін аға саяси жетекші М.  Ғабдуллинге Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі табыстала отырып, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыс аяқталғаннан кейін М. Ғабдуллин  ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты. 1946-1951 жылдары – ҚазКСР Ғылым Академиясының Әдебиет және тіл білімі  институтының директоры, 1951-1963 жылдары – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 1963-1973 жылдары – М. Әуезов атындағы ҚазКСР Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерішісі қызметтерін атқарды.

М. Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1949), «Майдандағы өмір» (1968), «Менің майдандас достарым» (1969) және т.б. шығармалары Кеңес әскерінің майдандағы өміріне, жауынгерлік айбыны мен ерліктеріне, айлалары мен тапқырлықтарына, өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен жауға деген өшпенділігіне арналған. Оның шығармаларының бір бөлігі И.П. Щеголихиннің аударуымен орыс тілінде жарық көрген.

М. Ғабдуллин ғылыми зерттеу саласында да көптеген жұмыстар атқарды, қазақ әдебиеті тарихының көптомдық басылымын дайындауға қатысты: қазақ халқының батырлық эпосы, халық әндері, айтыстар, ертегілер, мақал-мәтелдер.

Жауынгерлік ерліктері үшін М. Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді (1943), Ленин орденімен, Ұлы Отан Соғысының 1-дәрежелі, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. ҚазССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (1972). КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-ші және 4-ші шақырылымының депутаты. Қазақстанда мектептерге, көшелерге оның есімі берілген. Көкшетау қаласында М. Ғабдуллин атында мұражай ашылған.

М. Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда қайтыс болды.

«Батыр – тағдыр, ғылыми - ғұмыр» атты кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан жазушының өмірі мен қызметі жайлы материалдар, туыстары мен достарының естеліктері ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

 

Сайтта

Қазір сайтта 499 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.