+7 (727) 267-28-83

ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді басылымдар оқу залында «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер республикалық газетінің 90 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. 

«Ұлан» − балалар мен жасөспірімдер республикалық газеті. «Ұлан» газеті 1930 жылы 14 наурызда алғаш рет «Жас Алаш» газетінің  5-6 бетін қамтитын ішкі газет ретінде жарияланды. Газет қазақ балаларын бастауыш және толық  емес орта білім алуға шақырды.

Газет 1930-1937 жылдары «Пионер», 1937-1941 жылдары «Октябрь балалары» деген атаумен басылып шықты. Ұлы Отан соғысы жылдары басылмады. 1946-1989 жылдары газеттің атауы «Қазақстан пионері» болып өзгерді.

1930 жылы 5 қарашада «Пионер» газеті Алматы қаласының Гоголь көшесіндегі № 9 үйде тұңғыш рет өз алдына дербес басылым болып шықты. Газеттің құрылуына жазушылар мен қоғам қайраткерлері: С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов, С. Есова, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Бегалин, Б. Соқпақбаев атсалысты.

Соғыстан кейінгі жылдары газет балалардың күш жігерін ересектерге ауылшаруашылық экономиканы көтеруге, мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға көмектесуге бағыттады. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде газет «Тың жерлерден хат», «Бұл пионерлердің көмегі» деген тұрақты тақырыптармен материалдар шығарды. Газет сонымен қатар өз оқырмандарын ғылым және техника, әдебиет пен өнер, мәдениет және спорт жаңалықтарымен таныстырды. Сол кездегі газеттің басты айдарлары: «Ғаламшардың жас батырлары», «Молшылық», «Төртінші, бесінші еңбек», «Жолдас вожатый» және т.б. 

Әр жылдары басылым редакторлары Ә. Исмайылов, Ә. Ыдырысов, С. Бердіқұлов, Ф. Оңғарсынова, У. Қалижан, Б. Қойшыбаев, Ғ. Доскен, Б. Сүлейменов, С. Қалиұлы және т.б. болды.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап газетке заманауи «Ұлан» атауы берілді.        

Қазіргі уақытта газеттің бас редакторы – Жадыра Нармаханова.

1980 жылы жарық көргеніне 50 жыл толуына орай және жас ұрпаққа саналы тәрбие беру жолындағы еңбегі ескеріліп, «Қазақстан пионері» газеті «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Ұлан» газеті 2002 жылы Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын «Балалар басылымы» номинациясы бойынша иеленді. 

Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан алынған балалар жазушылары мен журналистердің  әр жылдардағы, газеттер мен журналдар беттеріндегі мақалалар қойылды.

      Көрмеге шақырамыз!