+7 (727) 267-28-83

49

2020 жылғы 6 ақпан, сағат 11:00-де, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында ұлы ғалым және ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған әл-Фараби ғылыми орталықтың салтанатты ашылуы өтті.

Әл-Фараби ғылыми орталығын ашудағы мақсат — адамзаттың ұлы  ұстазы, энциклопедист-ғалым ортағасырлық Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасын насихаттау.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы әл-Фараби еңбектерінің және Ұлттық кітапханада ол туралы жарық көрген басылымдардың негізінде ашық қор тұрпатында тұрақты түрде қызмет көрсетеді және баршаға қолжетімді болып табылады. Орталыққа әл-Фарабидің еңбектері, ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар және оның әлем халықтарының тілдеріне аударылған шығармалары, белгілі отандық және шетелдік ғалымдардың, философтардың, тарихшылардың зерттеулері, электрондық басылымдар, мерзімді басылымдардан алынған құжаттардың деректі базасы жинақталған. Орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен және материалдармен толықтырылып отырады.

ҚР Ұлттық кітапхасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы ұлы ойшылдың ғылыми еңбектерін терең зерделеуге және онда ғылыми, тарихи-танымдық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, онда белгілі фарабитанушы ғалымдармен, академиктермен кездесулер ұйымдастыру, тақырыптық конкурстар, экскурсиялар өткізу, әл-Фараби туралы фильмер көрсету және іс-шаралар жүргізуге қажетті жағдайлар жасалған.ҚР Ұлттық кітапханасында орталықтың ашылуы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге арналған көптеген іс-шараларға жол ашады.

Сонымен қатар, мерзімді басылымдар мен диссертация бөлімінің оқу залында әл-Фараби мерейтойына арналған көрмелер ұйымдастырылған. Мерзімді басылымдар залында «Ғұлама ғалым әл-Фарабиге 1150 жыл» атты көрме ұйымдастырылып, онда «әл-Фараби» - «Аль-Фараби» журналының жарияланымдары, белгілі ғалымдар мен философтардың мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары ұсынылды. Диссертация залында «Әлемнің ұстазы — Әбу Насыр әл-Фараби» атты көрмеге  философия, филология, музыка және басқа ғылым салалары бойынша магистрлік және докторлық диссертациялар мен авторефераттар қойылған.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Жүнісбеков жүргізді. Қазақстанның халық жазушылары, белгілі ғалым-фарабитанушылар, дипломатиялық жетекшілер мен халықаралық өкілдер, мемлекеттік қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, жастар, әскери курсанттар, қалалық кітапханашылар мен БАҚ өкілдері қонақ ретінде қатысты.

Іс-шараның ашылуында көрнекті ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов, Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пикат, Қытай Халық Республикасының бас консулы Ген Липинг, белгілі ғалым-шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, сонымен қатар атақты фарабитанушылар сөз сөйледі.

Кітапхананың бірінші қабатында шақырылған қонақтарды «Әлқисса» мектебінің жас домбырашылар оркестрі, ал әл-Фараби ғылыми орталығында Т. Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік академиясының халық аспаптар оркестрі қарсы алды. Ұлы ойшыл әл-Фараби бейнесін Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының актері Болат Рагитула көрсетті. ҚР Ұлттық кітапханасының жастары әл-Фараби афоризмдерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыды. Салтанатты ашылу рәсімінде ақын Талант Арғынғали арнау айтып, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Шаттық Құмар халық әнін шырқад ы.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби орталығы және оның мақсатымен таныстырған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б.К.Оспанова қорытынды сөз сөйлеп,  шараға қатысушы барлық  қауымға зор ризашылықтарын білдірді.

Әл-Фараби ғылыми орталық «Агро–Пром Бастау» жеке серіктестігінің құрылтайшылары Сарынов Арман Еркебұланұлы және Қыдыков Бақыт Маратұлының  қолдауымен ашылды.

 

40   41   42
45   46   48
44   43   47