+7 (727) 267-28-83

Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында қазақ, шығыс, орыс, европа тілдеріндегі жазба жәдігерліктер бар. Қор 40 мыңнан астам құжаттан тұрады. Оның ішінде 1000-нан астамы қолжазбалар (қазақ, орыс, шығыс тілдерінде), қазақ кітаптарының топтамасы, Қазақстан жайлы еңбектер, Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары, шығыс баспа кітаптары, орыс кітаптары, Европаның көне баспа кітаптары, микрофильмдер, кітаптардың электрондық көшірмелері болып табылады. 

Қорда сақталған қолжазбалардың ішінде куфа жазуымен жазылған «Құран» (ХII ғ.), Фирдоусидің шағатай тіліндегі «Шахнамесі» (1721-1723жж.), ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіміне енгізілген Қ.А.Ясауи мен С.Бақырғанидың жазба мұралары аса құнды деп саналады.  
Сирек кездесетін баспа кітаптар қатарында қазақ әдебиеті классиктерінің, қазақ ағартушыларының көзі тірісінде жарық көрген еңбектері бар. Шығыс халықтары кітаптарының топтамасы 2 мыңға жуық. Қорда Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары –  «Туркестанские областные ведомости» (1879-1917 жж.), «Қазақ» (1913-1918 жж.), «Еңбекші қазақ» (1923-1932 жж.), және т.б. газеттер мен «Айқап» (1911-1917 жж.), «Абай» (1918 ж.), «Шолпан» (1922 ж.) т.б. журналдар сақталған.