2020 жылдың қазан айында ҚР Ұлттық кітапханасының 110 жылдығы қарсаңында «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың есімі берілді. Ораз Жандосов - кітапхананың алғашқы директоры, 1931-1932 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасына (қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасы) басшылық етіп, кітапхананың қалыптасуына және дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол кітапхана қызметінің негізгі міндеті ретінде қазақ тіліндегі және Қазақстан туралы барлық баспа басылымдарын жинақтау туралы мәселе көтерді. Кітапхана сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және Қазақстанның басқа халықтарының жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы, мемлекеттік ұлттық кітап қоймасы қызметін атқарады.
Оқу залына О.Жандосовтың есімі берілуіне орай қайраткердің қоғамдық-саяси белсенді қызметі туралы архивтік деректі құжаттар мен фотосуреттер қамтылған арнайы ақпараттық стенд ұйымдастырылған.
Оқу залындағы кітап қоры 42 000-нан астам дана басылымды құрайды. Білімнің барлық салалары бойынша қазақ және орыс тілдерінде Қазақстанда басылған салалық әдебиеттерге, анықтамалық және көркем әдебиеттерге, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген кітаптар сериясына ашық қолжетімділік ұсынылған. Сонымен қатар, оқу залында тұрақты түрде тақырыптық және жаңа басылымдар көрмелері ұсынылады.
Оқырмандардың жұмысы үшін ыңғайлы аймақтар ұйымдастырылған:
- - Абай әдеби орталығы;
- - әл-Фараби ғылыми орталығы;
- - Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарийі;
- - Мемориалдық кабинеттер.
Абай әдеби орталығы 2020 жылы ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ашылған. Орталықта Абайдың шығармалары және ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдардан ашық қолжетімді көрме ұйымдастырылған. Сондай-ақ, әдеби орталықта белгілі ақын-жазушылармен кездесулер, тақырыптық байқаулар мен экскурсиялар, бейнелеу өнері көрмелері, Абай оқулары өткізіледі.
Әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1175 жылдығына орай ашылған әл-Фараби ғылыми орталығында ұлы ғалымның еңбектері, өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар және оның әлем халықтарының тілдеріне аударылған шығармалары, белгілі отандық және шетелдік ғалымдардың, философтардың, тарихшылардың зерттеулері жинақталған. Орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен толықтырылып тұрады, ойшылдың ғылыми еңбектерін терең зерделеуге және ғылыми, тарихи-танымдық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылыми орталықта белгілі фарабитанушы ғалымдармен кездесулер ұйымдастыру, тақырыптық байқаулар, экскурсиялар өткізу, әл-Фараби туралы фильмдер көрсету және іс-шаралар жүргізуге қажетті жағдайлар жасалған.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген барлық білім саласын қамтитын 36 сериялы басылымдардан тұратын кітап топтамасы қолжетімділік ашық қорда ұсынылған. Сондай-ақ, 2004-2007 ж. шет елдерге: Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, АҚШ және Батыс Еуропаға ұйымдастырылған ғылыми-ізденіс экспедициясынан әкелінген Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерінің көрмесі қойылған.
Алматы қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитарийі қорында ҚР Ұлттық кітапханасының негізгі қорынан алынған және Алматы қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының материалдары жинақталған. Қорда тарих, мәдениет және өнер, салт-дәстүрлері мен этникааралық қатынастарға арналған әдебиеттер және қазақстандық авторларының көркем әдебиеттері, сонымен қатар мерзімді басылымдар беттеріндегі жарияланымдар ұсынылған. Топтама Қазақстан аймағындағы көп ұлтты халықтардың тарихы мен бүгіні, қоныс аудару үдерісі, оларды жергілікті жерлерге орналастыру, рухани мәдениетінің дамуы, салт-дәстүрлері, өнері, ғылыми еңбектері, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас жөнінде зерттеу материалдарымен таныстырады. Көрмеге Г.Бельгер, И.Шухов, И.Щеголихин, В. Владимиров және т.б. қазақстандық белгілі жазушылардың шығармалары қойылған.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен белгілі қазақстандық жазушы Герольд Бельгерге арналған мемориалдық кабинеттер 2016 жылы ашылған. Мақсаты − қазақстандық көрнекті жазушылардың шығармашылық мұрасын насихаттау. Кабинетте олардың жеке топтамалары, альбомдар мен суреттер, өздері пайдаланған жәдігерлері орналасқан. Кабинет аясында тақырыптық кітап көрмелері, экскурсиялар, шығармашылық кештер, байқаулар және т.б. іс-шаралар өткізіледі.