ИФЛА: Қазақстандық кітапханашылар Афинадағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгрес
ТМД елдерінің кітапханалары өкілдерінің жыл сайынғы аймақтық мәжілісі
Конгресс жұмысына республикамыздың Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова бастаған қазақстандық делегация да қатысуда.
Ежелгі өркениет орталықтарының бірі Афина қаласында 2019 жылдың 24-30 тамыз аралығында «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбында өтетін Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс – әлемдік кітапхана қауымдастығы үшін маңызы зор оқиға. Жыл сайын оған 140-қа жуық кітапхана және ақпараттық ғылым саласындағы әртүрлі деңгейдегі 3500-ден астам маман қатысты.
Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмеронның айтуынша: кітапханалар қоғамдағы өзгерістердің қозғаушылары, ал Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференция біз үшін жыл сайын бағытымызды жаңаша айқындауға жақсы мүмкіндік. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген әріптестеріміз озық тәжірбиелер мен идеялар алмасып, мейлінше жоғары сапалы қызмет көрсету жолдарын анықтап, кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылайды және сол арқылы қоғамға соны серпін қосады.
Соған орай оның мақсаты – аймақтық және халықаралық деңгейдегі кітапхана ісін жаңғырту, сонымен қатар ақпараттық және инновациялық басқару саласындағы озық тәжірбиелерді көрсету, бөлісу мен зерттеуге мүмкіндік жасау, заман талабына сай жаңаша ойлауды қалыптастыру және кітапхананың жаңа бет-келбетін қалыптастыру. Ол жеке мамандардың да, жалпы кітапхана қауымдастығының да өсуі мен дамуына бірегей жаңа, қызықты және пайдалы ақпараттарды ұсынады. Сондай-ақ, конгресс әлем кітапханашыларына 85-ші Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференцияның стратегиясын бірлесе жүзеге асыру және бірыңғай кітапхана алаңын құру мүмкіндіктерін береді. Білім әлемінде кітапхана – идеяларды генерациялау алаңына айналуы тиіс.
Аталмыш конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ.Оспанова, Қорды қабылдап алу, бақылау және толықтыру қызметінің жетекшісі – Қ.М.Изамбекова, Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі – А.К.Рахимова және басқа да қызметкерлер қатысуда.
Халықаралық деңгейдегі ауқымды шара аясында 25 тамызда Абай Құнанбайұлын әлемдік өркениет ауқымында таныстыру мақсатында әлемдік кітапханашылар қауымдастығына «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атты әдеби кеш ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Арал аймағының экологиялық ортасын қайта жаңғырту жөніндегі кітапханалық еріктілер қызметі» туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен ерікті қазақстандық кітапханашылар бірге дайындаған көрнекі (стендтік) баяндама ағылшын тілінде Дүниежүзі кітапханашылары назарына ұсынылатын болады.
ТМД елдерінің кітапханалары өкілдерінің жыл сайынғы аймақтық мәжілісі
Конгресс жұмысына республикамыздың Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова бастаған қазақстандық делегация да қатысуда.
ТМД елдерінің кітапханалары өкілдерінің жыл сайынғы аймақтық мәжілісі болып өтті. Мәжіліс жұмысын Ресей, Беларусь, Әзірбайжан мемлекеттік кітапханаларының жетекшілерімен бірге модератор ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы жүргізіп отырды.
Аймақтық мәжілісте ИФЛА президенті Глория Перес-Сальмерон және ИФЛА бас хатшысы Джеральд Ляйтнер құттықтау сөз сөйледі.
ТМД елдері кітапханаларының өкілдері мәжілісте «Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған бірлескен жоба», «Шетел әдебиеті кітапханасының халықаралық жобалары – ТМД кітапханаларының өзара іс-қимыл алаңы ретінде», «Санкт-Петербург мәдени форумы – кездесулер мен жаңалықтар ашу алаңы», «ИФЛА-ның «Әлемдік кітапханалар картасы» жобасының жаңа кезеңі» тақырыптарында сөз сөйлеп, өзара кең пікір алысты.
Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс салтанатты түрде ашылды.
Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс салтанатты түрде ашылды. Халықаралық шара кітапхана саласындағы жаңа стратегияны қалыптастыруға және бірыңғай кітапхана алаңын құруға мүмкіндік береді.
Конгреске ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова және аталмыш кітапхана қызметтерінің жетекшілері Қ.М. Изамбекова, А. Қ. Рахимова және т.б. қызметкерлер қатысуда.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы Афина төрінде
25 тамызда ИФЛА-ның «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбындағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпарттық конгресс аясында Афина қаласының «Athens Avenue Hotel» қонақ үйінің конференция - залында Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш өтті.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Грециядағы елшісі Волков Алексей Юрьевич және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы сөз сөйлеп, Греция Ұлттық кітапханасының алтын қорына және Қазақстан Республикасының Грециядағы елшілігіне Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарыққа шыққан тұңғыш жинағының көшірмесі мен ақын шығармашылығына арналған құнды кітаптарды сыйға тартты.
Сонымен қатар, ежелгі өркениет орталықтарының бірі болған Афина қаласының төрінде Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының әлем тілдеріндегі өлеңдері оқылып, «Көзімнің қарасы» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-шоу шетел тілдерінде көрсетілді.
26 тамызда осы халықаралық шараның аясында «Арал аймағының экологиялық ортасын қайта жаңғырту жөніндегі кітапханалық еріктілер қызметі» туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен ерікті қазақстандық кітапханашылар бірге дайындаған көрнекі (стендтік) баяндама ағылшын тілінде дүниежүзі кітапханашыларына таныстырылды. Көрнекі (стендтік) баяндаманы Ұлттық кітапхана ұжымы әлемдік кітапханашылардың конкурсына қатыса отырып ұтып алған болатын.
Баяндамада Арал теңізі аумағының биологиялық тепе-теңдігін сақтау мәселелеріне назар аударылды. Суы тартылған Арал теңізі – біздің заманымыздың ең ауыр экологиялық апаты болып табылады. Арал проблемасы біздің елімізге ғана емес, дүние жүзіне ортақ. Оның тартылуы салдарынан жыл сайын жел ұшырған 75 миллион тоннаға дейінгі шаң мен улы тұз, тіпті Еуропа мен Антарктидадан табылуда. Сондықтан Қазақстанның және әлемдік қауымдастықтың алдында Аралдың биологиялық саналуандығын қалпына келтіру мен онда тұратын адамдарға лайықты жағдай жасау проблемасы тұр.
Ұлттық кітапхана мен ерікті кітапханашылар қызметінің Көрнекі (стендтік) баянадаманы дайындаудағы мақсаты – Арал аймағының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға қажетті білімді іздеу мен тарату болып табылады. Соған орай бұл жұмыс Арал аймағының (2017-2018ж.) мәдени – тарихи экологиялық ортасын жаңғырту жөніндегі түпнұсқалық библиография деректерін қалыптастыру мен олардың өзектілігін арттырудан басталды. Осы жұмыстың кейбір нәтижелерін көрнекі (стендтік) баяндамадан көре аласыздар.
Ұлттық кітапхана мен қазақстандық еріктілер бірлесіп дайындаған шара БҰҰ-ның тұрақты дамуды қамтамасыз ету саласындағы №13 – климаттық өзгерістерге қарсы мақсатын жүзеге асыруға бағытталған.
А.С. Пушкиннің 220 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш
26 тамызда ИФЛА-ның «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбындағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпарттық конгрестің аясында Ресей кітапханашылары әдеби кеш өткізді. Ол орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің биыл аталып өтіп жатқан 220 жылдық мерейтойына арналды.
Ресейлік әріптестердің әдеби кешіне Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б. Қ. Оспанова бастаған бір топ жетекші қызметкерлер және Қазақстандық жоғарғы оқу орындары мен кітапхана өкілдері қатысты.
Дүниежүзі ұлттық кітапханалары басшыларының конференциясы
27 тамызда ИФЛА-ның «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбындағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпарттық конгресі аясында әлем елдеріндегі Ұлттық кітапханалар басшыларының конференциясы өтті. Онда кітапхана саласының дамуы мен қызмет көрсету сапасын арттыру және әлем кітапханаларының іскерлік қарым-қатынасын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар мәселелер талқыланды.
Бұл келелі конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы қатысты.
Грецияның астанасы – Афинадағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгрестің жабылуы
29 тамызда Афинада өтіп жатқан Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс жұмысы өз мәресіне жетті. Халықаралық шараның жабылу салтанатында марапаттар, ИФЛА- ның 2019-2021 жылдарғы жаңа президенті мен басқарманың жаңа құрамына өкілеттіктер, сондай-ақ 2020 жылы Дублинде (Ирландия) өтетін дәстүрлі конгреске шақырулар тапсырылды.
Қазақстандық кітапханашылар Грецияның Ұлттық кітапханасын индонезиялық әріптестерімен бірге аралады
Ұлттық кітапхананы ашу идеясының авторы әйгілі швейцарлық филлэллин Якоб Мейер болып табылады. Бұл идеяны гректің Иоанн Каподистрия басқаратын жаңа үкіметі қолдап, оның төңірегіне білім мекемелері, музейлер мен баспа үйлері секілді интеллектуалдық институттарды топтастырды. Кітапханаға тікелей Андреас Мустоксидис басшылық жасады.
1830 жылдың соңында Мустоксидис Ұлттық кітапхана деп атаған кітапханада 1018 том кітап болды. 1834 жылы кітапхана жаңа астана – Афинаға көшіріліп, 1842 жылы ол Афина университетінің кітапханасымен бірігеді.