+7 (727) 267-28-83

 

eleukenov

«Қазақстан кітаптары» оқу залында Қазақстанға белгілі ғалым, әдебиеттанушы, жазушы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерияздан Рүстемұлы Елеукеновтің 90 жылдығына арналған «Қарымды қаламгер, зерделі ғалым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Елеукенов Шерияздан Рүстемұлы 1929 жылы 3 қыркүйекте  Шығыс Қазақстан облысы  Ұлан ауданының  Аршалы ауылында дүниеге келген. 1951 жылы С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің журналистика кафедрасын үздік бітірген.

Ш.Елеукенов еңбек жолын 1951-1959 жылдары Шығыс Қазақстан облысының «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» газеттерінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерінен бастаған, 1953-1963 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, 1967-1971 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, баспасөз, радио және теледидар бөлімінің  меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1971-1986 жж. Қазақ КСР Мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1986-1988 жж. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, 1988-1996 жж. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Орыс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кітаптану кафедрасының профессоры болды.  

1966 жылы Ш.Елеукенов «Қазақ романы және қазіргі заман» тақырыбында кандидаттық диссертация, 1988 жылы «Қазақ романының идеялық, эстетикалық және жанрлық ерешеліктері» тақырыбында  докторлық диссертация қорғады.

Ш.Елеукеновтың еңбектері қазақ әдеби тарихына, қазақ романының тарихы мен теориясына, мағжантану, кітаптану және журналистика мәселелеріне арналған. Ол кинофильмдерге пікірлер, әдеби шығармалар, эсселер, фельетондар, әңгімелер мен очерктер, повестер және  роман, соның ішінде «Жаңа жолдан» («С новой строки») (1989), «Әттең дүние, (2002), «Мұхаметжан – Мархума» (1998) деректі повестер, ғылыми еңбектері «Казахский роман и современность» (1968), «Замандас парасаты» (1977), «Мағжан» (1995), «Кітаптану негіздері» (1997), «Газет жанрлары» (1964) оқулықтары «Емтихан» (1998) сатиралық  пьесасын және т.б. насихаттау мақалаларын  жазады.

Ш.Елеукенов Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1981). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық сыйлықтың лауреаты (1998). Қазақ ПЕН-клубы Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері (2001). «Құрмет белгісі», «Парасат» (2009) ордендерімен, медальдармен және грамоталармен марапатталған.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Қарымды қаламгер, зерделі ғалым» ғалым Ш.Елеукеновтың өмірі мен шығармашылығына арналған материалдар, оның ғылыми еңбектері мен шығармалары және мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары ұсынылған.

     Кітап көрмесіне шақырамыз!