+7 (727) 267-28-83

ospan

2019 жылғы 22 сәуірде  Е.Тұрсынов залында «Ер-Жәнібек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойы аясында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш поэма қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде жарияланып отыр.

Өр Алтайда Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісінде мерт болған Сұлубай Сапыұлының өмірін айта отырып, бүгінгі қытай қазақтарының арман, үміттері де поэтикалық тілмен көркем жеткізілген. Жинақта сондай-ақ, Қытай қазақтарының өмірінен жазылған «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» деп аталатын жыр топтамасы бар.

Бұл батыр, ақын Сұлубай рухына қойылған ескерткіш қана емес, сол елдегі қандастардың бүгінгі жай-күйіне алаң көңілдің тұнбасынан ақтарылған сыр деп қабылдауға болады.

Іс-шарада Қабдеш Жұмаділов, Марал Ысқақбай, Сәбит Досанов, Ахметжан Ашири, Ұлықбек Есдаулет т.б зиялы-қауым өкілдері сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Сонымен қатар, автор Ұлттық кітапхананың директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызына жаңадан тұсауы кесілген кітаптың бірнеше данасын кітапхананың алтын қорына сыйға тартты.

Тұсаукесер рәсімін көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерман жүргізді.

Шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан Ғалым Жайлыбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет пен ғылым, өнер саласындағы танымал тұлғалар және БАҚ өкілдері қатысты.