+7 (727) 267-28-83

03

2019 жылғы 20 ақпан, сағ.11.00-де Н.Дәулетова атындағы залда Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

Іс-шара ҚР Ұлттық кітапханасының Өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында өткізілді.   

Әмина Өмірзақова Ерғожақызы Семей облысының Абай ауданы, Шыңғыстау бөктеріндегі Қарауыл ауылында дүниеге келген.

1938 жылы  Ленинградтағы  (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітірген. 1938-1940 жылдары Шымкент  облыстық драма театрының актрисасы, 1940-1942 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театрының труппасында, 1942-1949 жылдары «Қазақфильм» студиясында қызмет атқарды. 1945 жылдан Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының (қазіргі Қазақ мемлекетік академия жастар мен балалар театры) актрисасы болды.

Театр сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі – М. Әуезовтің «Түнгі сарын» спектакліндегі Маржан. Бұдан басқа ойнаған басты рөлдері қатарында Баян (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Луиза (Ф. Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Смеральдина (К. Гольдони «Екі мырзаға бір қызметкер»), Шәуәли (М. Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин»; Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды, 1958), Рәбиға (Ш. Хұсайыновтың осы аттас драмасында), Кенжегүл (І. Мұхамеджанов «Өзіме де сол керек»), Алтынай (Ш. Айтматов «Алғашқы мұғалім»), Гүлжамал (Т. Ахтанов «Күшік күйеу»), Қалампыр шешей (Ш. Уәлиханов «Тағдыр»), Глумова (А.Н. Островский «Адам аласы ішінде»), т.б. бар. Киноға 1938 жылы Ленинград институтында студент болып жүрген кезден бастап түсе бастады. Оның алғашқы түскен фильмдері «Комсомольск», «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан». Танымал еткен алғашқы үлкен рөл 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі. 1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Әрі қалжың әрі шын» фильмдеріне түсті. 1963 жылы Анатолий Карповтың «Ана туралы жыр» фильмі экран бетіне шықты. «Ана туралы жырдан» соң 1968 жылға дейін «Ең тілалғыш», «Мың шақырым саяхат» картиналарында басты да, екінші реттік рөлдерді сомдап жүрді. Сондай-ақ, «Алдаркөсе» бейнефильмінде эпизодтық рөлде ойнады. «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза» картиналарында ойнаған ана рөлдері нағыз қазақ анасының бейнесін айқын көрсетті.

Жалпыкеңестік кинофестивальде «ең жақсы әйел рөлі» (1964) сыйлығының, Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1 сый-лығының (1963), Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8 кино өнері байқауының (1969), «Тарлан» сыйлығының иегері.

ҚР-ның «Отан», КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылған. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының орталығындағы Мәдениет сарайының алдына актрисаның 100 жылдығына орай ескерткіш бюст орнатылған.

Кешке белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері  Е. Обаев, Б. Есенвалиев, Р. Әшірбекова, Қ. Демесін, М. Түсіпбаева және басқалары қатысты.

Сайтта

Қазір сайтта 423 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.